Павлодар облысында орамжапырақ бағасы маусым айында төмендейді деп күтілуде
Өңірлік сұранысты қамту үшін көкөністің бұл түрі өңірімізге Жетісайдан әкелінбек. Осы күні кәсіпкерлік және сауда басқармасы келіссөз жүргізуде деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодар облысында азық-түлік тауарларының 15 позициясы бойынша бағалар орташа республикалық мәндерден төмен, ал 10 жағдайда өңіріміз ең төмен бағамен ТОП-5 аймақтар қатарына кіреді. Дегенмен, қымбаттаулар бар. Әрі делдалдардың араласуы да аз емес. Бұл ретте, дүкен сөрелерінде орамжапырақ бойынша баға өсімі тіркелген. Осы күні көкөністің осы түрін арзан деген бағамен Түркістан өңірінен әкелу пысықталып жатыр екен.
- Қазіргі таңда Жетісайда орамжапырақ 90 теңгеден сатылады. Павлодарға жеткізілуін және пайыздық үстемесін есептегенде баға орташа 180 теңгені құрайды. Болжам бойынша маусымның алғашқы декадасында 100 теңгеге төмендейді,-деп жеткізді Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дугалов.
Павлодар облысы бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істеп, бағаларды негізсіз көтеруге қатысты 16 схема жойылды. Дегенмен әлеуметтік азық бағаларының орташа көрсеткіштен асып кетудің фактілері бар, ең көп саны Ақтоғай және Баянауыл аудандарында тіркелді. Аймақ басшысы барлық әкімдерге аудан мен қалаларда тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайлы жазбаша есеп беруді міндеттеді.
Фото: Freepik.com