Павлодар облысында Республика күніне орай сауда үйлері жеңілдіктер ұсынады
Павлодар облысында Республика күніне орай екі мыңнан астам мерекелік шара өткізіледі. Биыл ұлттық мереке Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында аталып өтеді деп хабарлайды irbistv.kz. Сонымен қатар «Republic Day» және «Береке Fest» республикалық акциялары өткізіледі.
Мереке қарсаңында өңірде «Republic Day» және «Береке Fest» республикалық акциялары да өтеді. «Береке Fest» акциясына ірі сауда желілерін қоса алғанда, 28 сауда нысаны қатысады. Ал «Republic Day» акциясына 13 сауда нысаны қосылды. Олардың қатарында Павлодар, Ақсу және Екібастуз қалаларының сауда орталықтары мен супермаркеттері бар. Басты мақсат — халық үшін тауарларды қолжетімді ету және отандық өндірушілерді қолдау.
-Акцияны өткізу кезеңінде күнделікті сұранысқа ие тауарларды қоса алғанда тауарлардың әртүрлі санаттарына 30 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Акция аясында киім-кешек, аяқ киім, зергерлік бұйымдар,құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері, жуу және тазартқыш құралдары сондай-ақ жаппай тұтынуға арналған өзге де тауарлар ұсынылады, - деп хабарлады Павлодар облысы сауда саясаты және кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің басшысы Талғат Акимниязов.
Айта кету керек, акция 17- 27 қазан аралығында өтеді. Сонымен қатар өңірдің мәдениет мекемелерінде әдеби-музыкалық кештер, концерттер, тақырыптық кітап көрмелері, тарихи және патриоттық сағаттар, дәрістер, кездесулер мен шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Бибінұр Хамитқызы

