Павлодар облысында жанармайды елден шығаруға қатысты бақылау күшейтілді

Жыл басынан бері шекара арқылы бензин мен дизель отынын алып өтпек болған жүзге жуық әрекеттің жолы кесілген. Көбіне заң бұзушылар жанармайды канистрлерге құйып, жеңіл көліктермен шекарадан өткізуді көздеген деп хабарлайды irbistv.kz. Қазіргі таңда Қазақстаннан автомобиль арқылы жанар-жағармай шығаруға уақытша тыйым салынған.

Шекарадағы бақылау тәулік бойы бір сәтке де тоқтамайды. Өткізу бекеттерінде әрбір көлік мұқият тексеріліп, облыс аумағында мобильді топтар үздіксіз рейд жүргізуде. Бұған қоса, мамандар ішкі нарықтағы ахуалды жіті қадағалап, шекара маңындағы жанармай құю станцияларында отынның сатылу көлемін күн сайын саралап отыр. Бұл шаралардың бәрі – заңсыз тасымалдың алдын алып, ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін қолға алынған.

-Тексеру жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы және энергетика министрінің "Мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу туралы" бұйрығы негізінде жүргізілуде. Соған сәйкес, 2026 жылғы 21 қарашаға дейін автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға тыйым салынған, - деп хабарлады Павлодар облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов.

Бұдан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге авиациялық керосин, дизель отыны мен мұнай битумын экспорттауға да тыйым салынған. Жедел деректерге сәйкес, облыстағы кедендере заңсыз әкетілмек болған шамамен төрт мың литр жанар-жағармай тәркіленді. Оның 1 мың 390 литрі – бензин, 2 мың 500 литрі – дизель отыны. Ал мемлекеттік кірістер органдары шекара маңындағы 15 жанармай құю станциясында бақылау жүргізіп, жанармайдың сатылу көлемін тұрақты бақылауда ұстап отыр.