Павлодар облысында қант зауыты салынады

Жоба еліміздегі ең ірі заманауи құмшекер өндіретін зауытқа айналмақ. Өндіріс қуаттылығы 6 мыңнан 8 мыңға өсті. Жоспарланып отырған жаңа жұмыс орындарының саны 400-ге жуық. Қант қызылшасынан шығатын 80 пайыз сығындыны ірі қара малды азықтандыруға қолданып, қалғанына әр түрлі қышқылдар өндіріледі. Құрылысқа бөлінген жер телімі жақын маңдағы халыққа 500 метр қашықтықта орналасқан. Алайда экологтер былтырғы тыңдауларда бұл тым жақын деген ескерту жасап,  алшақтатуын талап етті.

 

- Зауытқа бөлінген жер аумағы 70 гектар. Бұл телім Ертіс өзенінің су қорғау аймағына кірмейді. Инспекцияның келісімі бар. Жасыл желектерді кесу көзделмеген. Алаң бос, тұрғындардан алшақ орналасқан, - деді жоба өкілдері.

 

Сондай-ақ қоғам белсенділері зауыттың санитарлық-қорғау аймағына да үлкен мән берді. Айтуларынша жасыл желектерді отырғызу экологияға оң әсерін тигізеді. Жалпы бұл өндіріс жылына 720 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге лайықталған. Шикізаттың қажетті көлемі 750 мың тонна. Осылайша Павлодарлық зауыт облыстың сұранысын толық өтеп қана қоймай, өзге өңірлерді өз өнімімен қамтамасыз етпек.