Павлодар облысындағы көмір бағалары белгілі болды

 

 

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында энергетика және ТҮКШ басқармасы қазіргі нарықтағы көмір бағаларын жария етті дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодар облысы көмір шығару бойынша республикада бірінші орын алады. Тамыз айында статистика департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес көрсеткіш 36,5 миллион тоннаны құрады. Сондықтан қор жеткілікті. Облыс әкіміне қазіргі таңдағы нарықтағы бағалар жайлы да есеп берілді.

 

- Разрезде коммуналдық-құрылыстық көмір бағасы «Майкүбі Инвест» тоннасы 8300 теңгені құрайды. Павлодар қаласында Майкүбі көмірінің фракциясы 13 мың теңгеден басталады. Қоймаларда көмір бар. Әр қала мен ауданда жұмыс тобы құрылды,-деді Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.

 

Энергетика басқармасы басшысы ұсынған ақпаратқа сәйкес, қатты отынмен қамту жұмысы Баянауыл, Шарбақты, Павлодар аудандарында қарқыны төмен. Осы орайда, аймақ басшысы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырып, аталған үш ауданның әкімдеріне ауызша ескерту жасады.

 

- Бұл жұмысты бірінші рет жасап жатқан жоқсыздар. Тістеріңіз жаңа шыққан жоқ, жылда жасайтын жұмыс. Жылда басымыздан, қолымыздан өтетін жұмыс. Сондықтан үйлестіру, бақылау қажет,-деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 

Шенеуніктер күзде кезек күтіп, қарбаласқа тап болмас үшін халыққа ерте қамдануды ұсынып отыр. Асайын Байханов көмірмен қамтуға қатысты ақпараттық жұмысты күшейту керектігін алға тартты. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына көмір разрездерімен бірлесіп, меморандум жасалу арқасында қатты отын тегін ұсынылмақ.