• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодар жағалауында брендтік кофеханалар мен жылдам тамақтану объектілері іске қосылады

Павлодар жағалауында брендтік кофеханалар мен жылдам тамақтану объектілері іске қосылады

 

 

Төменгі жағалауда бой көтерген 4 павильон мамыр айындағы мерекелерге қарай өз жұмысын бастайды. Әрбірі екі конвекторлық жылытқышпен, су қайнатқышпен, ауа баптағышпен, септикке арналған цистернамен және жарықпен жабдықталған. Жағалаудағы бұл павильондар тұрғындар үшін де ыңғайлы болады дейді шенеуніктер.

 

-Бұл өте ыңғайлы болады. Қыдырып жүргенде алысқа барып қажет емес. Ең бастысы қоқыс қалдырмаса болғаны. Алған тамақ қалдықтарын белгіленген жерге лақтырса, тіпті керемет,-деп ойларымен бөлісті қала тұрғындары.

 

Бүгінде сенімгерлік басқаруға берудің конкурсына құжаттарды қабылдау басталды. Конкурс gosreestr.kz порталында өтеді. Ниет білдірген кәсіпкерлердің саны көп. Дегенмен оларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Мәселен, өрт дабылы, бейнебақылау камералары, дабыл түймесін орнату, қосымша генератор сатып алу. Сонымен қатар, әр павильонда кемінде 5 жұмыс орны болуы тиіс. Айтпақшы, жалдау сомасы таза кірістің пайызы болып табылады. Жылдық табысының сыйақысын ең жоғары ұсынғанына павильон 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі.

 

- Осы павильонның нысаналық мақсаты фаст фуд және қоғамдық тамақтандыру орындары болып ашылады. Баға бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық мемлекеттік мекемесімен сәйкестендіріп, бақылауға алынады. Ал мәзір бойынша санитарлық эпидемиологиялық басқармасымен қадағаланады,-деп жеткізді Павлодар қаласы кәсіпкерлік дамыту секторының бас маманы Арай Тасболатова.

 

Food-Zone аумағында фаст фуд, кофе, сусындар сатылады және мәзірде міндетті түрде балмұздақ болуы тиіс. Жоспарға сәйкес жыл бойы жұмыс жасауы керек.