Павлодар өңірінде игерілмей жатқан қаржының едәуір бөлігі құрылыс саласында
Бүгін облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте соңғы 10 айдағы бюджетті игеру қорытындылары талқыланды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Биыл 11 айда облыстық қазына кірісі 4 млрд-тан астам теңгеге асыра орындалған. Жылдық жоспар бойынша кірістер 81%-ға, ал бюджет шығындары 99%-ға атқарылған. Жалпы республикалық көрсеткіш бойынша қазына қаражатын игеруде өңіріміз бірінші орында. Бюджеттің жұмсалмаған бөлігі бойынша объективті себептер бар. Игерілмеген негізгі қаражат құрылыс саласында. Осы ретте, аймақ басшысы бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
-Тұрғындарымызға үй сатып алу бойынша Екібастұз қаласының, Успен, Шарбақты аудандарының әкімдеріне сұрақ: халықтың осал топтары, кезекте тұрған адамдар ол үйлерді күтіп жүр, сондықтан сіздер мұны уақытында игермесеңіздер, біз оларға үйлерді тапсырмаймыз. Себебі неде? Қандай шара қолданып жатырсыздар,-деп сұрады облыс әкімі Асайын Байханов.
- 37 пәтер сатып алу көзделген. Бүгінгі күні 17 пәтер сатып алдық. Енді 20 пәтер сатып алу бойынша тиісті конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Осы айдың соңына дейін игереміз деп көздеп отырмыз,-деп жауап берді Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекин.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдері мен басқарма басшыларына проблемалық жобаларды ерекше бақылауға алуды міндеттеді.