• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодардағы әлеуметтік дүкендерде қияр мен қызанақ арзан бағамен сатыла бастады

Павлодардағы әлеуметтік дүкендерде қияр мен қызанақ арзан бағамен сатыла бастады

 

Сондай-ақ тұрақтандыру қорынан жұмыртқа, жарма, ұн, қант және өсімдік майы босатылуда. Ал алдағы жаңа жыл мерекесі қарсаңында кәсіпкерлік бөлім мамандары азық-түлік бағасына кезекті мониторинг жүргізді. Негізсіз қымбаттаулар анықталған жағдайда, павлодарлықтарды тікелей кәсіпкерлік бөліміне шағымдануға шақырады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Кезекті мониторинг — бизнес тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуын тексеруге бағытталған. Кәсіпкерлік бөлімі мамандары өндірушілердің босату бағаларын және көтерме жеткізушілердің сатып алу бағаларын дүкендердегі баға белгілерімен салыстырады. Заң талаптары қатаңдатылған. Қазір белгіленген шектен асқан жағдайда бірден айыппұл қарастырылған. Ал бұл ірі сауда желісіне жеңілдетілген несие берілген. Есесіне, негізгі әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру міндеттелген.

 

- Бағаның өсуіне жедел әрекет ету мақсатында кәсіпкерлік бөлімінде 32-07-30 нөмірі бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл телефонға 3 мыңнан астам өтініш түсті. Әрбір өтініш бойынша мамандар оқиға орнына шығып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде 100-ден астам кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынды, - дейді Павлодар қаласы кәсіпкерлік бөлімі тұтыну нарығын үйлестіру секторының меңгерушісі Әсел Кенжалина.

 

Ал меморандум аясында әлеуметтік сөрелері бар сауда нүктелеріне арзандатылған қияр мен қызанақ жеткізілуде. Жергілікті жылыжайдан шыққан қиярдың бағасы 980 теңгеден аспауы тиіс. Қызанақтың ең қымбаты 925 теңге. Картоп — 125 теңгеден. Дегенмен, таңдау мол. Қалағандары Ираннан әкелінген қарбызды да, экзотикалық ананасты да сатып ала алады. Ал жаңа жыл мерекесіне орай қалаға мандариннің ірі партиясы жеткізілді. Бағасы сорты мен шыққан еліне байланысты. Алайда көпшілік павлодарлықтар әлі жаппай сатып алуға асықпайды.

 

- Бүгін жаңғақ алдым, бір банка тұздалған өнім алдым. Жаңа жылға, әрине кейін дайындаламыз. Әзірге ерте деп санаймын. Аз-аздан ғана аламыз: мандарин, қияр, қызанақ. Көп алмаймыз, бәрі бар, бағасы да қалыпты. Күзде бағасы бір жарым мың теңге болған, ал қазір 980 теңге, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Виктор Бондарь.

 

Павлодар қаласының барлық шағын аудандарын қамти отырып, тұрақтандыру қорының серіктес дүкендері анықталған. Қазіргі таңда ол сауда нүктелеріне арзандатылған өнім жеткізіліп жатыр. Тұрақтандыру қорынан негізгі бакалея өнімдері — күріш, қарақұмық, бірінші сұрыпты ұн, бірінші санаттағы жұмыртқа, тұз, макарон өнімдері, күнбағыс майы және негізгі көкөністер: картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сатылуда.

 

Жаңа жыл мерекесіне жақын уақытта кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Нақты күндері қосымша хабарланады. Ал қазір баға мониторингі күшейтілді — тексерулер күн сайын жүргізіледі.

 

Фото: Freepik.com