Павлодардағы әуежайды жөндеуді жазда аяқтау міндеттелді

Павлодар қаласындағы әуежайды жаңарту жобасына қосымша қаражат бөлініп, жұмыстар қарқыны артады дейді irbistv.kz тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

 

Облыс әкімдігінде Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту мәселелері бойынша жиналыс өтті. Айту керек, ауқымды жобаны аяқтауға қажетті қаражат заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қалыптастырылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.

-ҚР Үкіметі ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жобасын аяқтауға қажетті 9,3 млрд теңгені Арнайы қордан бөлу туралы шешім қабылдады. Қосымша қаржыландырудың арқасында жобаны іске асыру қарқыны жеделдетіледі. Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жұмыстарды сапалы орындауды және жобаны 2026 жылдың шілде айында толық аяқтауды тапсырды,-делінген облыс әкімдігінің ресми хабарламасында.

Асайын Байханов әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту - өңір үшін стратегиялық жоба екенін, сондай-ақ инвестиция тартуға, әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасап, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болатынын атап өтті.