Павлодарда 1296 тұрғын үйдің батареялары жылынды
Бүгінде қала бойынша гидравликалық режимді реттеу шарасы жүргізілуде. Аймақ басшысы жылыту маусымының басталу қарқыны бойынша жиын өткізді дейді irbistv.kz тілшісі.
Биыл Павлодарда жылыту маусымы мерзімнен бұрын басталды. Қыркүйектің 9-ы әлеуметтік нысандарды қоса бастаған. Екібастұз және Ақсу қалаларында батареялар қыркүйектің 16-сынан жылына бастапты. Бүгінде аймақ бойынша барлық әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілген.
-Осы күні бізде желілерде 16 мың текше метр су толтырылды. Магистральді желілер толғаннан кейін Павлодардағы өндірістік кәсіпорынарды желіге қосамыз. Бұл жұмыстарды бір тәуілктен кейін істеу жоспарлануда,-деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.
Кеншілер қаласында жылуға 450 көпқабатты қосылған. Жеке сектордың 94% да жылумен қамтамасыз етілген. Екібастұздағы электр орталығында екі қазандық агрегаты істеп тұр. Бұл қазіргі ауа райына жеткілікті. Резервте қосымша 4 қазандық бар.
- Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажет. Ақпараттандыру көрсеткішін арттыру керек. Соңғы күндері жылу бойынша шағымдардың артуы байқалады. Адамдар маған жазып, жауаптарын күтеді. Павлодар және Ақсу қаласы бойынша шағымдар азайғанымен, Екібастұзда бұл жұмыстарды күшейту керек,-деп жеткізді облыс әкімі Асайын Байханов.
Ал Ақсу қаласында 264 көпқабатты және жеке сектордың барлық шағын аудандары жылуға қосылған. Қаланың жалғыз көпқабатты үйінде жылумен жабдықтау желісінде жөндеу жүргізілуде. Жиын қорытындысы бойынша аймақ басшысы үш қаланың әкімдеріне жылу беру маусымының барысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Фото: Freepik.com