Павлодарда 34 кәсіпкерге қатысты заңсыз қаулылардың күші жойылды

 

 

 

 

Белгілі болғандай, облыстық экология департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлерді тексеру жүргізбей әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Бұл заңбұзушылықтарды табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Прокурорлар экология департаменті өкілдерінің тексеру жүргізбей және істің нақты мән-жайларын анықтамай, өндірушілердің міндеттемелерді уақтылы орындамауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы қаулылар шығарғанын анықтады.

 

-Осылайша, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкілетті орган мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың белгіленген тәртібін бұза отырып, 34 кәсіпкерлік субъектісін, оның ішінде бір инвесторды әкімшілік жауапкершілікке тартқан», – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

 

Прокуратураның араласуынан кейін экология департаменті шығарған қаулылардың күші жойылды. Кәсіпкерлер заңсыз әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Ал заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаға айыппұл салынды.