• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодарда атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлікті жеңілдікпен сату қарастырылуда

Павлодарда атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлікті жеңілдікпен сату қарастырылуда

 

Бұл туралы өңірімізге жұмыс сапарымен келген сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жеткізді. Облысымыз пилоттық жобаға кіруі мүмкін деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Сауда және интеграция министрлігінің «Әлеуметтік әмиян» жобасы қолданыс аясын кеңейтпек. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азықты жеңілдікпен ұсыну қарастырылуда. 19 азық-түлік түрі бойынша мәселе пысықталып жатыр. Павлодар өңірін пилоттық жобаға енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін вице-министрі Айжан Бижанова келіп, бизнес қауымдастығымен кездесті. Осы күні Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын 9094 адам бар екен.

 

-Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 9 мыңнан аса адамның жартысына жуығы, яғни, төрт мыңы Павлодарда болса, онда әлеуметтік азықты жеңілдікпен ұсыну пилоттық жобасын осы қаладан бастап көрейік. Осал тұстарды байқап, тиімділігін тексере аламыз. Әлеуметтік әмиян жобасы бірден іске қосылмайды. Бұл уақытты қажет етеді, - деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

 

«Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар арзан бағамен газға қол жеткізуде. Біздің павлодарлық кәсіпкерлер азық-түлікті жеңілдікпен сатуға қатысты ұсынысты пысықтамақ.

 

Фото: Freepik.com