Павлодарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жұмысын бастайды

Облысымыз жасыл аймаққа кіргендіктен, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 19 маусым, сенбі күні өз жұмысын қайта бастайды. Айту керек, аудан өнімдерінің дәстүрлі сауда шаралары сәуір айынан бері ұйымдастырылмаған еді.   

 

- Ауа райының ыстық болуына байланысты әр апта сайынғы жәрмеңгеге екі аудан өкілдері, кезекпен қатысады. Осы жолы Аққулы және Успен шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынады. Павлодар ауданы сүт, 2 құс фабрикасы жұмыртқа мен тауық етін саудалайды. Ет ғимарат ішінде, ал өзге азық-түлік түрлері әдеттегідей далада сатылады. Сәуір айындағы жәрмеңкедегі бағалар өзгермей, сақталады, - деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Көшербаев.

 

 

Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, сиыр еті 1300-1700 тг, жылқы еті 1800-2000 тг, қой еті 1300-1600 тг-ден сатылса, жұмыртқа 250 тг-ден қолжетімді болады. Қазіргі азық-түлік бағаларының өсіміне байланысты, павлодарлықтар жәрмеңкенің қайтадан ашылу жаңалығын қуана қабылдады. Орны өзгермеген: Естай көшесінің бойындағы арнайы алаң.