Павлодарда банкроттыққа өтініш беру басталды

2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың өзін банкрот деп жариялауына өтініш қабылдау басталды. Құжатты egov.kz сайтында және eGov Mobile мен e-Salyq Аzamat мобильді қосымшаларында онлайн, сондай-ақ, біздің халыққа қызмет көрсету орталығында тапсыруға болады.

 

-Арнайы келіп жатырмыз қандай келелі мәселелер, проблеамалар бар екенін көруге. Бүгінгі күні ешқандай кедергі мәселе жоқ. Бәрі өз бағытында жүріп жатыр, деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Рысбек Мінәймбеков.

 

Өтініш 14 күн ішінде қаралады және содан кейін иесіне sms хабарлама түрінде жауап келеді. Соттан тыс банкрот болу қызметіне банк, микроқаржылық және коллекторлық ұйымдарға қарызы бар адамдар жүгіне алады. Солардың қатарында қала тұрғындары аз емес.

 

-Жағдайларға байланысты қарыздарды төлей алмай жүрмін. Жұмыс болмаған соң, өзім мүгедекпін. 3 наурыздан бастап, заң қабылданып, құжаттарды береміз. Енді байқап көреміз,-деді қала тұрғыны.

 

Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн.теңгеден аспауы тиіс. Қарыз бойынша өтініш берілген кезде қатарынан 12 ай ішінде төлем жасалмаған болуы керек. Сот шешімімен алиментті, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген шығынды өтеуге міндеттелген азаматтар банкроттық рәсімін қолдана алмайды.