Павлодарда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

 

Павлодарда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы екі қолға бір күрек іздеген жандарға жүзден астам вакансия ұсынылды деп хабарлайды irbistv.kz. Ал қала тұрғындары еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктермен танысып, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

 

Кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-ге жуық жұмыс беруші қатысты. Бірі өндірістегі мамандарды іздесе, енді бірі заманауи еңбек нарығына бейімделген кадрларға мұқтаж. Ал жұмыс іздеген азаматтар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.

 

-Өзім ақпараттық технологиялар мамандығымен өзімді байланыстырамын. Сол себепті көмек іздеп, осы мансап орталығына келіп отырмын. Мансап орталығы бұл жерде вакансиялар жәрмеңкесін өткізіп, бірталай жұмыс орындарын ұсынып отыр, - деqді Павлодар қаласының тұрғыны Диас Ануарбек.

 

Қазіргі уақытта аймақтағы өндіріс кәсіпорындарында техникалық мамандар тапшы. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру саласында да білікті кадрларға сұраныс жоғары.

 

-120-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылады. Ішінде тәрбиеші, мұғалімдер, санитар секілді көптеген жұмыс орындары бар, - деді Павлодар қаласы мансап орталығының маманы Баянгүл Байкенова.

 

Бүгінгі жәрмеңкеге қатыса алмаған азаматтар мансап орталығына жүгініп, өздеріне лайықты жұмысты таңдай алады. Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар қаласында ресми түрде 4 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

 

Авторы: Бекбол Мырзахан