Павлодарда электр желілерін тарту мен жер телімдері арасында бірқатар қиындықтар бар
Павлодар электржелілік тарату компаниясы 2008 жылдан бастап жер комиссиясының құрамында. Алайда белгісіз себептермен кейбір телімдерді бөлу кезінде компания өкілдері бейхабар болған. Жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында мемлекеттік мекемелер тарапынан заң бұзушылық анықталыпты. Олар құрылыс нысандарын электр желілері өткізілген жерге жүргізген. Бірнеше жыл бойы жауапты мекеме бұзушылықтарды жоюды, сондай-ақ электр желілері өткен жер телімдерін күзет аймағына беруді талап етіп келеді. Алайда сұрақ әлі де ашық күйінде қалуда.
- Бүгін балақайлар ойын алаңдары мен автобус аялдамалары дұрыс орнатылмағаны айтылды. Алайда электржелі тарату компаниясының келісімінсіз біз жер телімдерін бөле алмаймыз. Мұнда қателік кеткені айдан анық. Дегенмен барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша мониторингілік топ құрып тексеріс жұмыстарын жүргіземіз, - деді Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуандық Жаминов.
2019 жылы жауапты мекеме облыс прокуратурасына хат жолдап, мәселені шешуге ат салысуын сұрайды. Олардан оң жауап алғанымен, жағдай өзгермеді. Бүгін кәсіпкерлер палатасында сұрақ қарастырылып, келесі шешім қабылданды.
- Кеңестің шешімі облыстық бас прокуратураға жіберіледі. Алдыңғы тексеріс акты бойынша бұзушылық шешілуі қажет. Электр желісі күзетілетін аймаққа ауыстырылуы немесе нысанның орнын өзгерту қажет. Бұл ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін өте маңызды, - дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әубәкіров.
Сонымен қатар кеңес отырысында жалпыға ортақ портал жасау да ұсынылды. Ол арқылы әрбір бизнес субъектісі қандай жер телімі бос, сол жерде электр желісінің өткізілгені жайлы жаңартылған ақпаратты ала алады. Бүгінгі таңда аталмыш портал тесттік режимде жұмысын бастаған. Жауапты мекеменің мәліметінше алдағы уақытта оның жұмысы қолжетімді болмақ.