Павлодарда гидравликалық сынақ кезінде 50-ден астам ақау анықталған

Гидравликалық сынақтар солтүстік желілік ауданынды өткізілуде, ал оңтүстік бөлікте құбырлардың беріктігі әлі де тексерілуде. Десе де, кейбір үйлерге ыстық су беріле бастады, бірақ нақты тізімдер әлі қалыптастырылуда деп хабарлайды irbistv.kz.

Қала әкімдігі солтүстік желілік аудан бойынша гидравликалық сынақтардың ресми түрде аяқталғанын хабарлады. Оған Қамзин — Малайсары батыр — Естай — Марғұлан — Астана — Жағалау — Олжабай батыр — Торайғыров көшелерінің шекарасында орналасқан үйлер, сондай-ақ Химқалашық, Лесозавод және Солтүстік өнеркәсіптік аймақ кіреді. Сынақ қорытындысы бойынша ақаулар анықталып, оларды жою жұмыстары басталып кетті. Ал оңтүстік бөлікте магистральдарды қысыммен тексеру жұмыстары әлі де жалғасуда.

-Павлодардың оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар жалғасуда. Оларды тамыздың 12-сі аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар аяқталған соң тұрғын үйлерде ыстық су кезең-кезеңімен қосылады, - деп хабарлады Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

Әкімдік өкілдері кенеттен құбыр жарылып, мүлікке зақым келмеуі үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Ал бұл уақытта солтүстік желілік ауданның үйлеріне ыстық су беріле бастады. Нақты тізімдер мен мерзімдер кейінірек жарияланады.