Павлодарда көкөніс бағасы қашан арзандайды?
Осы күні қызылшаның бағасы 500 теңгеге дейін көтерілген. Ал картопты дүкен сөрелерінде 350 теңгеден кездестіруге болады. Шенеуніктер бұны маусымдық үрдіс деп түсіндіріп, көкөністер әлеуметтік дүкендерде арзан бағамен ұсынылып жатқандығын атап өтті деп жеткізді irbistv.kz тілшісі.
Павлодардағы әлеуметтік дүкендерде көкөністер қолжетімді бағамен ұсынылып, осы күні картоп 120 теңгеден, сәбіз 138 теңгеден, орамжапырақ 157 теңгеден сатылуда деп жеткізді өңірлік кәсіпкерлік басқармасында. Ал жаңа піскендердің бағасы шарықтап тұр. Сұраныс жоғары болғандықтан картопты сырттан әкелу де жоспарлануда.
- Картоп бізде әлеуметтік дүкендерде 120 теңгеден өткізіледі. Дегенмен өзге өңірден келген картоп 250-300 теңгеден сатылады. Бұл биылғы өнім болғандықтан құны жоғары. Пәкістаннан әкелінген картоп 350 теңгеден сатылып жатыр,-деді Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Рашид Кокишев.
- Импорттық картоп негізінен Қытайдан әкелінеді. Келісім жасасып жатырмыз. Пәкістаннан тағы келеді деп күтіледі. Кейін Өзбекстандық көкөніс те болады. Бағаларды тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде,-деді «Павлодар ӘКК» АҚ департамент директоры Азамат Дандыбаев.
Ал орамжапырақ бойынша бағалар жақында арзандаған. Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі кәсіпкерлермен келісім жасасып, осы күні көкөністің бұл түр 180-200 теңге дейін төмендеді. Әлеуметтік азық қатарына кірмейтін қызылшаның қымбаттауын тоқтату қиындау. Дегенмен бұзушылыққа дейін барған жоқ деп сендірді шенеуніктер.
- Қызылшаның былтырғы қоры бар және басқа өңірден әкелінген өнім бар. Сондықтан бағасы 200-ден 500-ге дейін өсуі тіркелді. Бірақ, сауда үстемесін 15% арттыру жағдайы бойынша бұзушылықтар тіркелмеді. Еліміз бойынша арзан көкөністердің бестігіне кіреміз,-деді Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Рашид Кокишев.
Көкөністер бағасының құбылуы бұл маусымға үйреншікті жағдай деп сендірді сауда басқармасында. Жергілікті диқандардың өнімдері шыққанда бағалар бірден түседі. Өзіміздікі дүкендерге тамыз айында жетеді деп күтіледі.