Павлодарда көлік салығын төлемей жүргендерді анықтау бойынша рейд өтті

 

 

Қаламызда 10 мыңнан астам азамат көлік салығы үшін қазынаға 618 миллион теңгеден астам қарыз дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Берешек соманы өндіріп алу үшін мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері полицейлермен бірге рейдтерге шығуда.

 

- Көлік салығы бойынша бір адамның басындағы ең үлкен сома 4,5 миллион теңге. Бұл 40-тан астам көлігі бар жеке тұлға болып табылады. Көлік салығын төлемеген соң бес күннен кейін, салық төлеушіге 30 күн уақыт беріледі. Ол мерзімде төлемесе сот орындаушыларының жұмысы үшін 25% қосып төлейді,-деді Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ахметов.

 

Мемлекеттік кірістер департаменті 204 миллион теңгеден астам қарызды өндіріп алу үшін сот орындаушыларына 3 113 салық бұйрығын жіберген. Бүгінгі таңда оның 43 миллион теңгесі ғана өндірілген.

 

- Жеке тұлғалар 250 АЕК, заңды тұлғалар 1250 АЕК-тен астам сомадағы салықты ұзақ уақыт төлемеген жағдайда ҚР тыс елдерге шығуға тыйым салынады, жүргізуші куәлігі жарамсыз болып, екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарына тыйым салынады, көлік айып тұрағына қойылады,-деді жеке сот орындаушысы Арман Бикенев.

 

Айта кету керек, көлік салығын қасақана төлемеушілердің көбісінің көлігі жоқ: сатып жіберген, біреуге бере салған немесе мүлдем көзін жойған. Ал бұл борышкерлерді іздеуде қиындық тудырады. Алайда қарызды қалай болғанда да төлеу қажет, себебі кері жағдайда сіз шетелге шыға алмайсыз. Бүгінгі рейд кезінде 3 темір тұлпар айыптұрағына жөнелтілді.