Павлодарда көмір алу үшін бір реттік көмек кімдерге көрсетіледі?

 

 

Демеу әлеуметтік осал топ категориясына жататын, әрі жеке секторда пеш жағатын тұлғаларға арналған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Бір реттік әлеуметтік көмек алатындар үшін басты талап – олар Павлодар қаласындағы жеке сектордағы пешпен жылынатын үйде тіркеуде болуы қажет. Бұл осал топ категориясына жататындарға қатты отын берілетін ақша 73 840 теңгені құрайды. Оны келесі тұлғалар ала алады.

 

- Бұл 1, 2, 3 топ мүгедектері, 18 жасқа дейін мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Көпбалалы отбасылар және жүгінген сәтте табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен яғни 52 867 теңгеден аспайтын отбасылар,-деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузьменкова.

 

Мүгедектігі барлар үшін мүгедектігі туралы анықтама, сол жер үй меншігінде екендігін дәлелдейтін құжат, банктен 20 цифрдан тұратын есепшот, пеш жағатынын дәлелдейтін қоқыс шығару қызметі үшін түбіртек қажет. Ал көпбалалылар бұларға қосымша осы дәрежесін айғақтайтын құжат ұсынуы тиіс. Сонымен қатар табысы күн көріс деңгейінен яғни 52 8617 теңгеден аспайтын отбасылар жұмыс істейтін жанұя мұшелерінің жалақысы жайлы анықтама әкелуі тиіс.

 

- Бастысы азаматтардың пешпен жылынатын жер үйде тұрақты тіркеуі болуы қажет. Павлодар қаласымен қатар Кенжекөл, Атамекен, Мойылды, Павлодарское, Жетекші ауылдарының осы категорияға жататын тұрғындары да бұл көмекті алады,-деді Лариса Кузьменкова.

 

73 840 теңгені алуға үмітті азаматтар кеңес алу үшін және құжат тапсыру үшін Кривенко, 25 мекенжайында орналасқан «Open Pavlodar» фронт кеңсесіндегі нөмір үшінші үстелге жақындай алады. Өтініштер желтоқсан айының соңына дейін қабылданады. Өткен жылғы алғандарға қайта келудің қажеті жоқ. 2023 жылы 2400-ден астам аталмыш көмекке ие болған.