• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодарда мұнай-химия өнімдерін жасап шығаратын толық циклді зауыт іске қосылды

Павлодарда мұнай-химия өнімдерін жасап шығаратын толық циклді зауыт іске қосылды

Қазақстанда мұнай-химия өнімдерін толық циклмен өндіретін бұндай зауыт болған емес. Қазіргі әлемдік жағдайда еліміздегі өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар отандық реагент пен қоспаларға аса мұқтаж еді. Қуаттылығы - жылына 30 мың тоннаны құрайды. Павлодар облысы үшін өндіріс ошағының аса маңызды екендігін ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов та атап өтті.

- Бұл мұнай-химия саласындағы толық циклды қамтитын алғашқы отандық өнідіріс. Жоба құны 2 жарым миллиард теңге. Реагенттер мен қоспалармен ішкі нарықты 60% қамтамасыз етеді, -деді облыс әкімі.

Зауыт жұмысы үш кезеңнен тұрады. Біріншісі аясында биологиялық резервуарды орнату жұмыстары аяқталып, негізгі корпус ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Өндіріс зиянсыз, әрі барлық заманауи талаптарға сай «блэндинг», яғни араластыру технологиясына негізделген.

- Павлодардағы арнайы экономикалық аймаққа келіп, кәсіпорынның осы жерде іске қосылуы бекерден бекер емес. Жергілікті атқарушы билікпен кездескен сәттен бір-бірімізбен тіл табыстық, өңірде жақсы инфестициялық орта. Сондықтан осы жақты таңдауды жөн көрдік,-деді зауыттың бас директоры Ален Кенжебаев.

-Араластыру технологиясы 2-3 сағатқа созылады. Сынамасы алынып зертханада тұтқырлығы, қату температурасы, белсенді зат пайыз мөлшері тексеріледі. Көрсеткіштер талапқа сай болса, өнім еурокубтар мен бөшкелерге құйылып, жеткізуге дайын. Үрдіс қиын емес, -деп жеткізді зауыттың бас технологы Максим Провкин.

Зауыт өнімі тек отандық кәсіпорындарға ғана емес, ТМД, Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс және АҚШ елдеріне де жеткізіледі. Қазіргі кезде 30 тұрақты жаңа жұмыс орынмен қамтуда. Алдағы кезеңдерден кейін зауыт қуаттылығы да арта түспек. Айту керек, бұл «Павлодар» АЭА-да іске қосылған 18-ші кәсіпорын.