Павлодарда орталық жылуға қосылу қиындай түспек

 

 

Алдағы 5 жыл ішінде Павлодардағы жеке сектор үйлеріне жылу желісіне қосылуға рұқсатты кезең-кезеңімен бере бастау жоспарланып отыр. Еске салайық, бүгінде қаланың барлық аумағы «қызыл» аймақта тұр деп хабарлайды irbistv.kz. Бұған жылу электр орталықтары мен жылу желілерінің қуаты жеткіліксіз екені себеп. Ал қайта жаңғырту жұмыстары бұл мәселені шешуге мүмкіндік беруі тиіс.

 

Бүгінде Павлодарда жылуға қосылуға рұқсатты тек әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер ғана ала алады. ЖЭО қуаты бастапқыда сағатына 2640 Гкал-ға есептелген. Алайда іс жүзінде бар қуат небәрі 1300 Гкал. Жабдықтарды жаңғырту жұмыстары осы мәселені шешуге мүмкіндік беріп, жағдайды біртіндеп түзетуге жол ашуы тиіс.


- Бізде ірі көлемді іс-шаралар қарастырылған. Мысалы, ЖЭО-2-де. Онда үш турбинаны ауыстыру жоспарланып отыр. 2026 жылдан бастап 2027 жылға дейін бір турбина, 2027 жылдан 2028 жылға дейін екіншісі, ал 2028 жылдан 2029 жылға дейін үшінші турбина ауыстырылады. Бұл қысқа мерзімді жұмыс емес. Оны бір жылдың ішінде аяқтау мүмкін емес. Сондықтан жоспарланған жұмыстар орта мерзімді сипатқа ие және оларды жүзеге асыруға кемінде 5 жыл қажет болады, - деп мәлімдеді Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

 

Жаңғырту жұмыстары басқа жылу электр орталықтарын да қамтиды. Жалпы, бұл қосымша сағатына 250Гкал қуат береді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, «қызыл» аймақтар алдағы 5 жыл ішінде кезең-кезеңімен ашылады. Айта кетейік, жүргізілген техникалық аудит нәтижесіне сәйкес, Павлодардағы жеке сектордағы 12 мың үйді орталықтандырылған жылумен қамту жоспарланып отыр.

 

Айтмұхамбет Айғожа