Павлодарда пияздың бағасы шарықтап кетті

 

 

Ал кәсіпкерлік басқармасында өнім тапшылығы жоқ, әлеуметтік маңызды тауардың бағасы қалай болғанда да бақылауда деп түсіндірді. Қазір мамандар Жамбыл облысынан тағы да сатып алуға тырысуда. Тіпті әлеуметтік дүкендердің өзінде пияздың бағасы 300 теңге. Ал басқа сауда нүктелеріндеоның құны 400 теңгеге дейін барады.

 

-Бір апта бұрын алғанда 260 еді, басқасында 220 теңге еді. Күнде бағасы аусып отырады. Қазір 300-ге дейін көтерілген дүкендер бар. Қымбат,-деп жеткізді қала тұрғындары.

 

Қазіргі таңда Павлодар облысының тұрақтандыру қорында 288 тонна пияз бар. Сонымен қатар шенеуніктер Жамбыл облысынан қосымша көлем алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ал бағаның құбылуы тасымалдаушы қойған құнға байланысты дейді кәсіпкерлік басқармасында.

 

-Сауда үстемесін біз бақылап отырамыз. Жеткізушіден сатушыға дейінгі баға 15 проценттен аспауы керек. Дегенмен де баға жеткізушіге байланысты. Кеше ғана Рахметте 230-240 теңге болса, бүгін 280 теңгеден босатуда. Біздің өңірде бұл тауар шығарылғанымен ол аймақ сұранысын қанағаттандыруға жетпейді. Дегенмен дүкендерде тапшылық жоқ,-деді Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының сауда саясаты бөлімінің басшысы Кәрімжан Байсарин.

 

Айта кету керек, 28 қаңтардан бастап Қазақстаннан пиязды сыртқа шығаруға тыйым салынды. Бұл тыйым үш айға жоспарланған. Ал басқа көкөністер бойынша баға өсуі жоқ.