Павлодарда шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісті

Ерғазы Тайшимбаев армяндық есепте тұрған шетел көлігін 2021 жылы сатып алған. Бүгінге дейін шетелдік нөмірмен жүрген. Заңдастыру туралы естіп ойланбастан келіп, бүгін ол Павлодар облысында тіркеуді қазақстандық есепке ауыстырған бірінші адам болды.

 

- Онлайн өтінім беруге болады деді. Осындағы мамандар көмектесті. Барлығына 15 минут уақыт кетті. Бірден сіз өттіңіз деген хабарлама келді. Өзім таңқалдым,-деді қала тұрғыны.

 

Естеріңізге сала кетсек, заңдастыру 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға жеткізілген шетелдік автоларға қатысты. Машинаны тіркеуге қоймас бұрын оны көрші мемлекеттен шығару қажет. Айта кету керек, науқанның алғашқы күні ХҚКО қарбалас жоқ.

 

- Ең бірінші онлайн заявка бересіздер немесе екінші деңгейлі банктердің приложениелері арқылы сосын ХҚКО барып, онда барлығы таза болса ангарға барады. Онда криминалситердің тексерісінен соң ХҚКО мемлекеттік нөмір, техпаспорт алады,-деп жеткізді «Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ павлодарлық филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлы.

 

- Ал енді біреулерге хаттама келіп жатса тіркелуге әлі жарамайды деп, бір құжаттар жетпейді деп. Ол бізге ашқан ситуационный орталықта құжаттарын алып, тексеріп ІІМ әкімшілік полициясына жібереміз. Олар қарайды,-деп мәлім етті Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

 

Полицияда мамандандырылған ХҚКО бармас бұрын ең бірінші онлайн өтінім беру керек дейді. Көліктің бұрын ешқандай криминалдық оқиғаға қатысы жоқтығы анықталған соң ғана ол ангарда тексеруден өтеді. Заңдастыруға онлайн өтінім мақұлданып, бағдарлама көліктіңVIN-кодын салыстыратын уақытты белгілейді. Мұнда машинаның құжатты көрсетілген темір тұлпармен бір екеніне көз жеткізеді. Содан соң қазақстандық нөмір табысталады. Ерғазы Тайшимбаевтың қуанышында шек жоқ. Енді оның көлігінің бағасы 2-3 млн теңгеге қымбаттады. Ал тіркеу үшін бар болғаны 214 мың теңге төледі.