Павлодарда су қымбаттайды

Бүгінгі таңда халық үшін ауыз су  құны орташа тарифпен есептеледі.  Есепке алу құрылғылары жоқ тұтынушылар текше метр үшін 32,92 теңгеден, есептеуіші бар тұтынушылар – 49,4 теңгеден төлейді. Әр бір  павлодарлыққа шаққанда орташа есеппен 65 теңгеден шығады. Айта кетейік, тариф соңғы рет 2015 жылы бекітілген. 5 жылдан кейін аталмыш құжат жаңартылу қажет.

 

- 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Павлодар-Водоканал» су тарифін көтеруге өтінім берді. Соңғы құжаттың мерзімі биыл аяқталады. Өтінімге сай ауыз су бағасы тұрғындар үшін 6,3 пайызға, қалдық судың құны 9 пайызға көтерілмек. Әрине, бұл тек мекеменің ұсынысы, қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық тыңдаулардан соң нақты шешімі шығады, - дейді ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облыстық департаменті басшысы орынбасарының м.а. Мирас Зерипбаев.

 

Одан бөлек жауапты ұйым тарифтің өсуін компанияның шығынымен байланыстырды. Айтуларынша жиналған қаражаттың төрттен бір бөлігі күрделі жөндеуге, жабдық сатып алуға, қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Қоғамдық тыңдаулар барысында осы сұрақтар қарастырылды. Қараша айының соңында нақты шешім қабылданады. Сонымен қатар табиғи монополияларды реттеу комитетінің құжатына сай келесі жылдан бастап есептегіштің болуына немесе болмауына қарамастан барлығы бірыңғай тариф бойынша төлем енгізілетін болады.