Павлодарда сүт және сүт өнімдері қымбаттаған

Қала тұрғындарының айтуынша аталған азық-түліктің бағасы күн сайын өзгереді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодарлықтар сүт өнімдерінің қымбаттағанын байқап біздің редакциямызға хабарласты. Біз өз кезегімізде жағдайды бақылап қайту үшін қаланың дүкендерін аралап шықтық. Шынымен де, қымбаттаушылық байқалады. Кәсіпкерлік бөлімінде сүт өндіру зауыттары қымбаттаушылықты шикі сүт пен ингредиенттер мен компонеттердің қымбаттауымен байланыстырып отыр дейді.

 

- Сүт 18 теңгеге, айран 14 теңгеге, ірімшік 90 теңгеге және тұздалмаған сары май 46 теңгеге қымбаттады. Азық-түлік бағаларын ұстап тұру үшін ауыл шаруашылғы басқармасы және сүт өндіру кәсіпорындары арасында меморандумға қол қойылады. Оның аясында сүт өнімдері әлеуметтік дүкендерге төмен бағамен жіберіледі,-деді Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әсел Кенжалина.

 

Сүт әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар тізіміне кіреді. Қала тұрғындары аталған өнімді сатып алу үшін күнделікті дүкенге барады. Сондықтан, оның қымбаттағанын байқамау мүмкін емес. Осы ретте, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары баға мәселесі олардың тұрақты бақылауында дейді. Сондай-ақ кейбір азық-түліктің арзандағанын да айтып отыр. Мысалы күріш, тауық еті, сәбіз және қант бағасы керісінше төмендеген.