• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодарда Тәжікстаннан жеткізілген жеміс арзан бағамен саудаланып жатыр

Павлодарда Тәжікстаннан жеткізілген жеміс арзан бағамен саудаланып жатыр

 

Қазанның 16-сы басталған сауда-саттық 19-на дейін жалғасады дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Сауда орны ретінде «Рахмет» базарын таңдаған. Тәжікстан фермерлері әкелген жемістердің арзан екені бірден байқалады. Мәселен, жүзімнің келісі 550 теңгеден басталады. Қарбыз 120 теңгеден болса, қауын 220 теңге. Бұдан бөлек табиғи шырындар да бар. Барлығы 65 тонна өнім әкелген.

 

-Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестік аясында Павлодар облысына делдалсыз сауда ұйымдастыру үшін ауыл шаурашылығы тауарын өндірушілері шақырылды. Осында сауда-саттық апта сайын өткізілетін болады,-деді Павлодар қаласы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Әсел Кенжалина.

 

Сенбіде өнімдер «Жайлау» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ауысады. Саудагерлердің айтуынша екі күнде әкелген өнімдерінің тең жартысын өткізген.

 

- Алдағы уақытта біз жүк көлемін ұлғайтып, аптасына екі рет тауар жетізетін боламыз. Осындай жәрмеңкелер Павлодар қаласынан бөлек, Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларында өтеді. Ал бағалары Қазақстан нарығынан 30%-ға төмен,-деді Тәжікстандық фермер Илхом Холов.

 

Бұл жолы тек Павлодар нарығын зерттеу үшін өнімдерін шақтап әкелген. Келесі аптада лимон, құрма, анар және алманың түр-түрін әкелуді жоспарлап отыр.