Павлодарда ыстық сусыз 650 тұрғын үй бар

Қаламызда 8 айға созылған жылу маусымында 201 технологиялық бұзушылық тіркелген. Барлығы 1401 ақау анықталды. Әкімдіктегілердің айтуынша жылу жетіспеушілігі мәселесі де орын алған. Жылыту маусымында түскен 675 шағымның 319-ы расталды. Қазіргі таңда сапалы қызмет түрімен қамту үшін облыс орталығында бірқатар жылу торпатарын салу жұмыстары басталған.

 

- №31, №6  жылу торабының құрылысы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Дачный және Усолка мөлтекауданын жылумен қамтамасыз ету мақсатында №42 жылу желісінің құрылысы да жүргізіледі. Одан бөлек биыл Академик Шөкин және Назарбаев даңғылының қиылысында 324-жылу торабын жаңарту жоспарланған, - деді Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а. Ержан Салханов.

 

Құрылыс жұмыстары қыркүйектің 1-не дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар 2141 шақырымдық инженерлік желілерде жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Сәуірдің 26-сынан бастап жүргізілген гидравликалық сынақ нәтижесінде облыс орталығында 187 ақау анықталған. 650 тұрғын үй ыстық сусыз қалуда.

 

- Бүгінде ақауларды жою жұмыстары басталды. Бірінші кезекте тораптағы олқылықтарды жөндейтін боламыз. Бұдан соң орамішіне көшеміз. Ыстық судың қосылу кестесі сайтта бар.  Ақпарат күн сайын жаңарады. Тұтынушылардың мәселелерін бірден шешуге тырысамыз, - деді Ержан Салханов.

 

Айта кететіні, өңірімізде тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге қарызы 2 миллиард 84 теңгені құрайды.