Павлодарда заңсыз сауда саны артқан

Павлодарда белгіленбеген орындарда сауда жасау деректері азаймай тұр. Жаз басталғалы кәсіпкерлер мен жеке саудагерлерге қатысты 85 заңбұзушылық тіркелген деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Заңсыз сауданың жолын кесу үшін қала кәсіпкерлік бөлімі полиция қызметкерлерімен бірге кезекті рейд өткізді.

Жаз мезгілімен бірге қарбыз саудасы да қыза түсті. Бүгінде оңтүстіктен жеткізілген бақша өнімдері қала базарлары мен сауда орындарына көптеп келуде. Бір келі қарбыздың бағасы шамамен 250-300 теңге аралығында. Алайда барлық сауда заң талаптарына сай жүргізіліп жатқан жоқ. Әсіресе Омбы тас жолының бойында рұқсатсыз өнім сатып отырғандар кездеседі. Мамандар алдымен заң талаптарын түсіндіріп, ескерту береді. Егер заңбұзушылық қайта анықталса, жеке тұлғаларға 20 мың теңгеден асатын айыппұл салынады.

-Биыл Павлодар қаласының аумағында белгіленбеген орындарда сауда жасауға қатысты 85 заң бұзушылық тіркелді. Заң талаптарын бұзған сауда субъектілеріне 60 ескерту хаттамасы рәсімделді. Ал талаптарды қайта бұзған 25 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - деп хабарлайды Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

 

Қазір Павлодарда жылжымалы саудаға арналған 27 орын ресми түрде бекітілген. Сонымен қатар, павильондармен жабдықталған тағы 8 арнайы сауда алаңы жұмыс істейді. Бұл орындардың толық тізімі қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ресми әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Айта кетейін, рейдтер орталық жағалау, саябақтар және қалаға кіреберіс бағыттарда тұрақты түрде жалғасады.