Павлодарда жер телімін жалға беру аукционы алғаш рет электронды форматта өткізіледі
Ағымдағы жылдан бастап жер телімдерін жалға алу үшін өткізілетін аукциондар тек электронды түрде болады. Кодекстегі өзгерістен кейін біздің қаламыздағы алғашқы сатылымдар осы аптада, маусымның 3-і өтеді. Қалалық әкімдіктің жауапты бөлім қызметкерлері қажетті құжаттар мен жер телімдері жайлы мәліметтерді жинақтап, ортақ базаға жолдаған. Осылайша, лотқа 42 жер учаскесі шығарылмақ.
- Павлодарда электронды аукцион бірінші рет ұйымдастырылады. Қазіргі таңда қатысушыларға оның тәртібімен таныстыру жұмысы жасалуда. gosreestr.kz сайтына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек. Осы шартты орындаған кез келген ел азаматы, өзіне ұнаған жер телімін таңдап, жалға алу жөнінде өтініш жасай алады, - деді Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Арсен Мамықанов.
Сайтта біздің қаламызда сатылымға шығарылған жер телімдерінің фотосуреттері мен қажетті мәліметтері толықтай жазылған. Барлық сипаттамалары, мамандар тарапынан тексерілген. Айту керек, жерді жалға алу 3 жылға дейінгі мерзімді қарастырады.

