Павлодарда жер телімін жалға беру аукционы алғашқы рет электронды форматта өтті
Жер қатынастары заңнамасына енгізілген өзгерістен кейін биыл жер телімдерін жалға алу үшін өткізілетін аукциондар тек электронды түрде өткізілу керек. Күні кеше ғана, Павлодарда алғашқы онлайн сатылым жүзеге асып, жергілікті кәсіпкерлерге 42 жер учаскесі таңдауға ұсынылды.
- Алдын ала қорытынды бойынша, 28 лот бойынша сатылым жүзеге асты деуге болады. Жеңімпаз анықталды. Аукцион қорытындысына қол қойды. Жақын арада жерді жалға алу жөнінде онымен келісім жасасу жүзеге асады, - деді Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Арсен Мамықанов.
Аукционға қатысушылар арасында Циолковский көшесіндегі өндірістік базаға арналған жер учаскесіне деген сұраныс жоғары болған екен. Телімді жалға алуға 12 өтініш келіп түскен. Нәтижесінде ол учаске сатылымының құны 95 миллион теңге құрады. Ал аукциондағы ең қымбат лот - 103 миллион теңге сатылған.
- Аукцион тәртібі бойынша сатылым жеңімпаздары 2 күн ішінде келісім жасауға міндетті. Қазір барлығы электронды түрде жүзеге асқандықтан, берілген уақыт аяқталғаннан кейін, ешкімгі екінші мүмкіндік берілмейді. Тез арада gosreestr.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, қажетті шараларды орындауға асығу керек, - деді Арсен Мамықанов.
Бұдан кейінгі, жерді жалға беру жөніндегі аукцион шаралары да электронды форматта өткізіледі. Келесі сатылым мерзімі қосымша жарияланады.

