Павлодарда жергілікті қарбыз қаншадан сатылуда?
Павлодарда жергілікті қарбыз саудаға шықты.Павлодар облысында бақша дақылдары алдыңғы жылдармен салыстырғанды биыл аз отырғызылды. Соған қарамастан жергілікті қарбыз біздің дүкен сөрелерінде де, өзге облыс пен шетелде сұранысқа ие деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Тамыз айында әдеттегідей Павлодарға жергілікті қарбыздар келіп жетеді. Аққулы ауданының қарбыздары ерекше сұранысқа ие. Дәл қазір шаруа қожалықтар сан алуан түрлерін ұсынып жатыр. Брендке айналған Аққулы қарбыздары деген жарнамасы бар дүкен сөрелері Павлодарда жетеді. Бірақ, алқаптардан тікелей жеткізілетін таза өнімдер санаулы дейді аграрийлер. Солардың бірі Циолковский көшесінде орналасқан.
-Биыл 40 га қарбыз отырғыздық. Осы күні алқаптардың өнімдері дүкен сөрелеріне келіп жатыр. Павлодардан басқа, көршілес Қарғандыға, Ресейге де сатылуда. Қызыл қарбыз сауда нүктелерінде келісі үшін 260 теңгеден қолжетімді, сары қарбыз 400 теңгеден,-деді шаруа қожалық өкілі Біләл Пішенбаев.
Өңірімізде әдетте бақша дақылдары 1800-1700 га отырғызылатын, биыл тек 1260 га-ға төмендеген. Соған қарамастан бұл жергілікті нарықты қамтуға да, экспортқа да жіберуге әбден жеткілікті дейді ауыл шаруашылығы басқармасында. Қауын-қарбыз үшін ауа райы қолайлы, жинау жұмыстарының тең жартысы жүргізілді.
- Қазіргі кезде 22 мың тонна қарбыз жиналып отыр. Өнімділігі гектарынан, 400 ц құрады. Алқаптардан қарбыздың келісі 150-200 теңге аралығында сатылуда. Қалада әрине қымбатырақ. Астана, Қарағанды қалаларынан да жүк көліктері келіп әкетіп жатыр,-деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Оңтүстік облыстармен салыстырғанда, біздің өңірдегі бақша дақылдарын жинау күзге дейін жалғасады, ол уақытта суыққа төзімді, тәтті түрлері де пісіп жетілмек. Қыркүйекте Аққулы қарбыздарының бағалары да төмендейді.
авторы: Дархан Бекишев
