Павлодарда жөндеуден кейін теміржол вокзалы ашылды

 

Ауқымды жөндеу жұмыстарына біржарым миллиард теңге жұмсалып, қаражат толықтай демеуші тарапынан бөлінді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары бірнеше айға созылды. Енді мұнда заманауи дизайндегі ғимарат орналасқан. Жолаушылар өз пойыздарын жайлылықта күте алады. Мұнда демалу орны, қуаттағышы бар орындықтар, дәмханалар орналасқан.

 

-Сапаржайдың күрделі жөндеу жұмыстары кезінде сырт келбеті арнайы плитамен қапталды. Барлық терезелар, ішкі қабырғалар, кірпіштер ауыстырылды. Су, кәріз, жылу беру жүйелері де толығымен жаңартылды,-деді мердігерлік ұйым басшысы Марина Киева.

 

Мердігер қыс мезгілінде еңбек ету қиынға соққанын жасырмады. Жөндеу кезінде сапаржай жұмысын жалғастырды. Бұл да құрылысшылардың уақытын алды. Аймақ басшысы сапаржайға бас сұғып, барлық жаңашылдықтарды өз көзімен көрді. Енді екінші қабатқа лифтпен көтерілуге болады. Сонымен қатар, ол аязды күндері әскери палатка қойған сәтін де еске алды.

 

-Әрине, бұл жағдайды телефон экранынан көрген адамдар оны күлкіге айналдырды. Бірақ, қыста терезелерді ауыстыруға мәжбүр болдық. Адамдар аязда тоңып қалмас үшін палаткалар құрдық. Іші жылы болды. Мен оған кіріп те жағдайды өз көзіммен көрдім,-деп жеткізді аймақ басшысы Асайын Байханов.

 

Алдағы уақытта Екібастұз қаласындағы сапаржай да күрделі жөндеуден өтеді. Бүгінде демеуші анықталды. Жұмыстарды жаз мезгілінде бастауға тырысады.