Павлодарда «Bala business» байқауының облыстық туры өтті

 

 

Қала мен аудандардан қатысқан 30-дан астам оқушы өздерінің бизнес жобаларын қазылар алқасының назарына ұсынды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Облыстық турға барлығы 33 бала қатысып отыр. Олардың кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарын бүгін қазылар алқасы бағалады. Мұнда микрожасылдарды өсіру, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар, табиғи шөптен емдік сабындар жасау, қоғамдық тамақтану және ойын сауық салаларындағы бизнес жобалар бар. Аружан ас үйде қажетті аксессуарлар - алжапқыш, жаймаға арналған мата сонымен қатар мерекелік үстелді безендіруге арналған майлықтарды тігеді.

 

- Бізде шелпекке арналған сыпыра, осындай шертек, тақиялар және алжапқыштар, содан соң бізде раннер, яғни дастархан, үстел басында әр адамға тартылатын жеке сүлгілер және басқа да нәрселер өте көп,-дейді Аққулы ауылы мектебінің 10 – сынып оқушысы Аружан Жантен.

 

- Осы жерде кәсіпкерліктен сабақ алған жас бизнесмендер болашақта бизнеске алғашқы қадамдарын жасап Қазақстан елін көркейтеді деген сеніміміз мол,-деді М. Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипова.

 

Жоба жеңімпаздары наурыз айында «Кәсіпкерлік негіздерін» оқып, аймағымыздағы танымал мамандардан бизнесті ұйымдастыруды үйренеді. Олар үшін оқыту бағдарламасы дайындалып, онда қатысушылар бизнес-коуч, жаттықтырушылардан шеберлік сабағын алады.