Павлодарда ұлттық валюта күні қарсаңында көне ақшалар көрмесі өтуде

Экспозицияда орта ғасырлық және заманауи түрлері де бар. Әсіресе алтын орда дәуіріндегі төлем жасау құралдары келушілердің қызығушылығын тудырды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. 

Биыл 15 қараша Қазақстанның ұлттық валютасына 31 жыл болады. Бұл сонымен қатар қаржы жүйесі жұмыскерлерінің кәсіби мерекесі. Соның құрметіне павлодарлық музейде тиындар мен қағаз ақшалардың көрмесін ұйымдастырды. Жергілікті нумизматтар өз коллекцияларымен бөлісті. Сонымен қатар музей қорынан да бірегей көрмеданаларды алып шыққан. Ең көнесі 1799 жылғы тиын. Алтын Орда дәуірінде осындай ақшалармен сауда жасаған.

- Кейбірі бізде тек Тәуелсіздік кезіндегі ақша ғана бар деп қате ойлайды. Біздің теңгенің тарихы терең. Теңге ол мемлекеттігіміздің басты белгісі. Ал біздің мемлекет 15-16 ғасырда да болды. Бұған көне ақшалар дәлел,-деді Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Арман Әлиақпаров.

 Айта кету керек, Қазақстан Кеңес Одағы елдері құрамынан шыққан соңғы елдердің бірі. Ал 1992 жылы ұлттық валютаны жасайтын мамандар тобы құрылды. Оған жетекші дизайнерлер де кірді. Бүгінгі таңда теңге өте жоғары сапасымен ерекшеленеді және оны қолдан жасау өте қиын.