Павлодарда өндірілген күркетауық еті

Құс фабрикасына күркетауықтың инкубациялық жұмыртқасы Франциядан әкелінді. Бұндай өнім елімізде Шымкентте ғана бар еді, енді біздің аймақта да жүзеге асады.

 

- Екі партия сатып алдық. Алғашқы өнімді жаңа жыл қарсаңында шығарып, облыс тұрғындарын қуантқымыз келеді.  Күркетауық етінің холестерині төмен, дәмі мен қоректік қасиеттерімен ерекшеленеді. Аллергия тудырмайды. Құрамында ақуыздар көп болғандықтан, ағзаға оңай сіңеді, - дейді ЖШС атқарушы директоры Владимир Каткадамов.

 

Бүгінде Павлодар облысында жыл сайын 6,5 мың тонна құс еті өндіріледі, ал жаңа жобаның арқасында бұл көрсеткіш 14,5 мың тоннаға жетеді. Құс фабрикасы толық қуаттылыққа шыққанан кейін, күркетауық етімен қамтамасыз ету 43%-дан 110%-ға дейін артатын көрінеді.

 

- Шекаралас қалалар Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскеменге жеткіземіз де жоспарлап отырмыз. Бірақ қазірдің өзінде, Ресеймен сатылым жөнінде келісім жасасып қойдық. Олар бірінші болып қызығушылық танытты. Десе де, отандық өнімге өз елімізде сұраныс көбейді деп үміттенеміз, - дейді кәсіпорын өкілдері.

 

Кәсіпорын жылына 8 мың тонна ет өндіру көрсеткішіне таяудағы үш жыл ішінде қол жеткізуді жоспарлап отыр. Бизнесмен 2021 жылы қосымша бес құс фермасын салмақ ойда.