Павлодарда өсімдік майының неге қымбаттағаны анықталды

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов бастаған тексеру тобы бірінші кезекте қиярдың бағасын тексерді. Әлеуметтік желіде оның құны 2500-ге жеткені айтылған еді. Алайда ірі сауда орындарында көкөніс 1100-1400 теңге шамасында сатылуда. Сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік тауарларының қымбаттамауы да қадағаланды.

 

- Бүгінде тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге күріш, макарон өнімдері, тұз, қарақұмық төмен бағамен жеткізіледі. Сондай-ақ жергілікті құс фабрикаларынан жыл соңына дейін жұмыртқа сатып алу жоспарлануда, - деді "Павлодар ӘКК" АҚ тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры Данияр Шаймарданов.

 

Павлодарлықтар дүкен сөрелеріндегі өсімдік майының тым шарықтап кеткенін айтып шағымдануда. Ал тұрақтандыру қорында тауардың бұл түрі мүлде жоқ.  Бірнеше рет сатып алуға өтінім берілгенімен, әлеуетті өндірушілер табылмапты. Жауапты мекемеде аталмыш сұрақ жылдың соңына дейін шешіледі деп уәде етуде.

 

- Біз сауда министрлігіне тазартылмаған өсімдік майын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізіміне қосу туралы хат жолдадық. Себебі тауар Павлодарда өндіріледі. Бағасы да арзан, - деді Данияр Шаймарданов.

 

Бүгінде тұрақтандыру қорында 5 мың тоннадан аса азық-түлік сақталған. Сондай-ақ қант та - күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазір отандық шекер өндіруші зауыттармен келіссөздер жүргізілуде.