Павлодардағы жылы аялдамаларды жалға алуға не кедергі?

Аялдамалардағы жылы павильондар 2019 жылы қолданысқа берілген. Алайда бүгінге дейін олар тиісті қызметін атқармай қаңырап тұр. Кәсіпкер ақпан айында Естай және Торайғыров аялдамаларындағы 2 павильонды жалға алуға өтініш жазыпты. Бұл нысан қалалық қаржы бөлімінің балансында. Кәсіпкер 10 айы бойы сандалып әлі күнге дейін оң жауап алмады. Амалы таусылған олар өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

 

- Бос тұрған павильондарды кәсіпкерге берсе олар пайдаға жарар еді. Мен оларды жаңартып ретке келтіруге де дайынмын. Соңғы рет хаттаманы тамыз айында жібердім. Әлі жауап жоқ. Құжаттар дайын, неліктен мемлекеттік тізілімде әлі көрсетілмеген. Мен түсінбеймін, - дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев.

 

Қаржы бөлімі кәсіпкерлерді ТҮКШ қарайтын «КоммунСервис» ұйымына жіберген. Рәсімдеу үшін құжаттың тек 3 түрі қажет. Бизнесмен оларды тапсырып тастаған. Екі ортада қалған кәсіпкерлерді палата қызметкерлері қолдап, қаржы бөлімінен сұрақты тезірек шешуді сұрады. Олар құжаттардың әлі дайын емес екенін айтып ақталуда.

 

- Сіздер «Коммунсервис»-қа дайын құжатты ғана тапсырасыздар. Бағасын есептеп, сіз иесі деп нұсқаулық бересіз. Кәсіпкерге  барлық процедураны түсіндіріп қажеті жоқ. Оған тек сұрағанын дер кезінде шешуге міндеттісіздер, - дейді кәсіпкерлер палатасы өкілдері.

 

Заң бойынша жылы павильондарды кәсіп көзіне айналдыруға рұқсат етілген. Қаржы бөлімі сұрақ желтоқсанның басында шешіледі деп уәде берді.