Павлодарлық әуежайдағы жөндеу жұмыстары келер жылы басталады

Биыл бірнеше рет жөндеуге жабылуы керек болған Павлодарлық әуежайда жолақтарды жаңарту шаралары әлі басталған емес. Бұған конкурстық шаралардың созылып кетуі негіз болған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

«Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керектігі жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын айтқан еді. Біздің әуежай сол уақыттан бері бірнеше рет жөндеуге жабылады деп, ақыры жаңарту шаралары басталған емес. Биыл көктемде ауқымды жұмысқа кірісу мақсатымен елордалық рейстерді де тоқтатқан. Бірақ, бұл шешім асығыс қабылданған екен. Осы күні мердігерді анықтау ғана жүзеге асырылған.

 

- Шығыс-Қазақстан облысының компаниясы жөндеу жүргізеді. Олардың автомобиль жолдарын салу және елді мекен көшелерінде күрделі жөндеу жүргізу тәжірибелері бар. Шыны керек, бұл жұмыстарды қолға аламын деген үміткерлер көп болды деп айта алмаймыз,-деді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.

 

Стратегиялық нысанды жаңартуға бюджеттен 16,4 миллиард теңге бөлінген. Жоба екі жылға қарастырылған.

 

- Биыл материалдарды дайындау жұмыстарынан бастаймыз. Жарықсигнал қондырғылары тек Еуропадан алуға болады, сондықтан Финляндиядан тапсырыс жасалады. Дайындық шараларына 5,5 млрд теңге жұмсалады,- деді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.

 

Әзірге Павлодарлық әуежайдан тек Алматыға ғана рейстер қатынайды. Олардың өзі ыңғайсыз уақытта дейді жергілікті тұрғындар. Жолақтарды жаңартудан кейін, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Новосібір, Мәскеу, Анталья, Минск, Омбы қалаларына дейінгі рейстерді іске қосу жоспарда бар. Бұның арқасында шығынға белшесінен батқан әуежайдың табысын көтеру көзделуде.

 

Фото: Freepik.com