• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодарлық дүкен сөрелерінде ерте піскен жергілікті көкөніс өнімдері сатыла бастады

Павлодарлық дүкен сөрелерінде ерте піскен жергілікті көкөніс өнімдері сатыла бастады

 

 

Өңіріміздегі орташа картоп бағасы 270 теңге көлемінде. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы соңғы көрсеткіштерімен бөліскен деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Маусым айынан бері дүкен сөрелеріндегі көкөністер бағасы шарықтап кеткен еді. Павлодарлықтар картоп пен сәбізді 300-400 теңгеден алуға дейін барды. Былтырғы қордың өнімі арзан болғанымен, сапасы көңіл көншітпеді, сондықтан жұрт сырттан әкелінген тауар алуға мәжбүр болды. Осы күні бағалар түсіп келеді дейді кәсіпкерлік басқармасында. Базар мен әлеуметтік дүкендерге жергілікті өнім келіп жатыр.

 

- Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша соңғы бір аптада Павлодарда картоп бағасы 271 теңге, сәбіз 296 теңге, пияз 220 теңге, орамжапырақ 176 теңге деп тіркелді. Маусым айының ортасы мен шілде аралығында көкөністер бағаларының артуы байқалды. Бұл жыл сайынғы маусымдық үрдіс. Қазір әлеуметтік дүкендер мен базарларда жергілікті көкөністер арзан бағамен келіп жатыр,-деді Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Талғат Әкімниязов.

 

Базарлардағы кәсіпкерлерге аграрийлер картопты 170 теңгеден әкелсе, олар 10 теңге қосып, көтермен бағамен сатып жатыр дейді. Алдағы уақытта жергілікті шаруалардан өнім көлемі тек арта түспек, осылайша күзге дейін бағалар төмендейді деген болжамдар айтылуда.

 

- Баға қазір картопқа 170 теңге, сәбіз 180 теңге, орамжапырақ 160 теңге, қызанақ 80 теңге. Күнде баға түсіп бара жатыр. Картоптың бағасы күзде әбден төмендеп, 70 теңге болады,-деп ойымен бөлісті жеке кәсіпкер Айдын Садуов.

 

Ал көкөністерді одан да арзан бағамен алғысы келетін өңір тұрғындары үшін әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Ол жақта картоп 120 теңге, сәбіз 138, пияз 149 теңге, орамжапырақ 157 теңгеден сатылады. Әрине, бұндай құны төмен өнім саны шектеулі. Сондықтан басқа күні бұндай бағаларды кездестіруіңіз екіталай.