Павлодарлық балақайға 50 миллион теңге тұратын препаратты сатып алу қажет

- Бұл препарат елімізде жоқ. Тек қана Еуропадан жеткізіледі. Ол  «Канакинумаб» деп аталады. Құтыда болады. Бізге бұл препарат осы дертке көмектеседі деп айтты. Бізге оны бір жыл қабылдау керек, - деді Әлидің әжесі Райхан Айдашева.

Бір құтысы 3 миллион 860 мың теңге тұрады. Әзірге қолда бары 800 мың ғана. Отбасы ақшаны қайдан алатынын білмейді. Денсаулық сақтау басқармасына барғанымен нәтиже жоқ. Себебі препарат кепілдендірілген медициналық көмек тізіміне кірмейді.

- Біз аталмыш дәріні сатып алу үшін қосымша қаражат бөлуі үшін экономика және бджетті жоспарлау басқармасына хат жібердік. 2022 жылы біз бұл науқасты аталмыш препаратпен қамтамасыз етеміз деген сенімдемін, - деді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

- Мен күте алмаймын. Бала үнемі ауруды бәсеңдететін дәрілермен отырады. Күніне төрт рет беремін. Баланың үнемі іші ауырады, бұл асқазан, бауырын қоспағанда. Ауруды бәсеңдететін дәрілердің де кері әсері бар емес пе? сол себепті халықтан көмек сұрағым келеді, - деді Әлидің әжесі.

Әзірге шенеуніктер дәріге бюджеттен ақша іздеп жатқанда Әлидің әжесі павлодарлықтардан емді қазір бастауға көмек сұрайды. Бұл үшін экранда көрсетілген нөмірге хабарласуға болады.