Павлодарлық жас кәсіпкер грант ұтып алып, қияр өсіре бастаған

Толқын Әшірбекованың жолдасымен бірге Павлодарское ауылында қияр өсірумен айналысқанына үш жылдай болып қалған. Айтуынша алғашқыда шағын алаңда бастаған, кейін бұл кәсіпке шыңдап кірісіп, осындай жылыжай ашты. Қазіргі таңда қала дүкендеріне аптасына 400 келі көкөністі жеткізеді.

 

- Бәселекестік жоғары. Себебі Павлодарское ауылында жылыжай ұстайтындар жетіп артылады. Маусымның басында бір қап, яғни 25 келі жинап аламыз. Одан кейін 2-4 қап кейде тіпті екі күнде 5-6 қап тереміз. Өзіміз келіскен дүкендерге 280 теңгеден жеткізіп береміз, - деді кәсіпкер Толқын Әшірбекова.

 

Толқын Әшірбекова - тәуелсіздік құрдасы. Айтуынша мемлекет өз ісін бастаушы жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетеді. Қазір отбасы барлық бос уақытын осы жылыжайда өткізеді. Күтіп, баптап, суарып, тыңайту оңай жұмыс емес дейді Толқын. Болашақта жылыжай алаңын кеңейтіп, қиярдан басқа көкөністер мен жемістерді өсіруді жоспарлауда.