Пияз, сәбіз және қызылша: Облыста бір айда азық бағалары қалай өзгерді?
Ұлттық статистика бюросы соңғы бір ай ішіндегі инфляция өсімі жайлы хабарлады. Бұл ретте, бірқатан әлеуметтік азық-түлік түрлері қымбаттаған деп жеткізді irbistv.kz тілшісі.
Павлодар облысында 2025 жылғы мамырда тұтыну бағаларының индексі 102%-ды, азық-түлік тауарларына – 101,2%-ды, азық-түлік емес тауарларға – 100,3%-ды, ақылы қызметтерге – 105%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросы соңғы көрсеткіштер жайлы мәлім етті.
- Азық-түлік тауарлары тобында қанттың бағасы 4%-ға, кондитерлік өнімдер – 3,1%-ға, макарон өнімдері – 2,7%-ға, балық пен теңіз – 1,3%-ға, ет – 0,8%-ға, май және тоң май – 0,5%-ға қымбаттауы байқалды. Бұл ретте жұмыртқа бағасының 1,7%-ға төмендеуі байқалды.
Көкөністер мен жемістер арасында пияз бағасы 54%-ға, сәбіз – 51,7%-ға, қызылша –
27,7%-ға, алмұрт – 5,9%-ға қымбаттады, бұл ретте қырыққабат бағасы 8,1%-ға төмендеді,-делінген ресми хабарламада.
Азық-түлік емес тауарлардың ішінде киім мен аяқ киім бағасы 1,1%-ға, бензин – 0,4%-ға, фармацевтикалық өнімдері – 0,2%-ға қымбаттады. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сумен жабдықтау тарифтері 64,4%-ға, су бұру тарифтері – 23,6%-ға өсті.
Фото: Freepik.com