• Басты бет
  • Экономика
  • Прокуратура Павлодар өндірістік аумағында жаңа шағын аудан құрылысына рұқсат бермеді

Прокуратура Павлодар өндірістік аумағында жаңа шағын аудан құрылысына рұқсат бермеді



Павлодарда экологиялық қауіпсіздік нормаларын есепке алмай, әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға жол берілмеді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Анықталғандай, Павлодарда «Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы сәулет және жер заңнамасының нормаларына қайшы қабылданған.

-Жергілікті атқарушы орган өнеркәсіптік зауыттардан максималды қашықтықты есепке алмай, көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған. Яғни, өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін жақын маңдағы тұрғын үй-азаматтық құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсерін болдырмау үшін бөлетін санитарлық-қорғау аймағы бұзылатын еді. Жалпы құрылыс алаңы 186 гектарды құрады. Қадағалау актісі бойынша заңсыз жоспарлау жобасы жойылды,-деп мәлім етті облыстық прокуратурада.

Еске сала кетейік, «Спорт-Сити» кешені аумағындағы «Жастар» мөлтек ауданы құрылысы жобасын 2022 жылы сол кездегі қала әкімі қызметін атқарған Асайын Байханов көпшілікке таныстырған еді. Жобаға сәйкес өндірістік аумақ маңында көпқабатты үйлерден басқа, мектеп, балабақша, ойын-сауық орталығын және өзге нысандарды салу жоспарланған еді.

Айту керек, осыған дейін прокуратура Ертіс өзенінің маңында (су қорғау аймағының аумағында) оқушылардың өміріне қауіп төндіретін «Жайлы мектеп» салу туралы шешімнің күшін жойған болатын.

 

Фото: Павлодар қаласы әкімдігі