Республика күніне орай бірқатар азаматтарға бір реттік төлем тағайындалды
Павлодарда республика күніне орай бірыңғай әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте тізімде жекелеген санатқа жататын азаматтар ғана бар деп хабарлайды irbistv.kz. Облыс орталығында мұндай қолдауға қанша адам ие болмақ?
Республика күніне орай тағайындалатын әлеуметтік төлемдер туралы Павлодар қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінде мәлімдеді. Айта кету керек, бір реттік қаржылай қолдау аталған азаматтардың есепшотына бүгіннен түсе бастайды.
-Павлодар қаласында 25 қазан Республика күніне көрсетілетін әлеуметтік көмекке 8 мыңға жуық адамға 367миллиондай қаражат қарастырылған. Республика күніне орай әлеуметтік көмектің мөлшері 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға - 25 АЕК, яғни 108 125 теңге, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 АЕК, яғни 21 625 теңге қарастырылған, деп хабарлайды Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Қанат Орынтайұлы.
Айта кететін жайт, екі және одан да көп мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға 25 АЕК мөлшеріндегі әлеуметтік көмек балалардың санына қарамастан бір рет ғана төленеді. Төлем алу үшін өтініш жазып қажет емес. Әлеуметтік көмекті мемлекеттік ақпараттық жүйеде бар мәліметтер негізінде тағайындайды. Ал егер көмек алушы өзін тізімнен таппай қалса Павлодар қаласының әлеуметтік қорғау бөліміне жүгіне алады.
Бибінұр Хамитқызы
