• Басты бет
  • Экономика
  • Затон ауданындағы ескі ағаш үйлердің орнына жаңа көпқабаттылар бой көтереді

Затон ауданындағы ескі ағаш үйлердің орнына жаңа көпқабаттылар бой көтереді

Генерал Дүйсенов 304 мекенжайындағы ескі үйді бір айдың ішінде бұзуды жоспарлайды. Жұмыстар кезеңмен жүргізілуде. Аталмыш баспаналар кезінде уақытша қолданысқа берілген болатын. Жергілікті тұрғындар пәтерлердің ішінде от жағып, дәретханалары далада болған. Сол себепті адамдар әкімдіктен оларды қашан бұзатынын сұраған. Шенеуніктер өз кезегінде мәселенің шешу жолдарын іздеді.

 

- Бүгінде бір инвестормен келісімге келдік. Ол аталмыш ауданда бірнеше үйдің құрылысын бастауды жоспарлайды. Қазіргі уақытта, қалалық құрылыс бөлімімен меморандум жасалды. Сондай-ақ, инвестор ескі пәтер тұрғындарымен азаматтық-құқықтық келісім жасады. Оның талаптары бойынша жаңа көпқабаттының құрылысы аяқталғанша, тұрғындарға уақытша жалдамалы пәтердің құнын төлейді. Сонымен қатар, жаңа пәтер кілттерін табыстайды,-дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Затон ауданында түбегейлі жоспар құрылды. Жалпы 20 ескі үйдің орнына жаңа 7 көпқабатты пайда болады. Тұрғындар уақытша жалдамалы пәтерлерге көшті. Кейін оларға жалпы аумағы 40 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі баспана табысталады. Айта кетсек, жыл соңына дейін әкімдік сапаржай, Бекмаханов – Павлов, Теплов – Жамбыл аумағындағы ескі үйлер бойынша қаулы шығаруы тиіс.