Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақсу электр станциясының отын-көлік цехының тепловоз машинисі
"Ирбис" телекомпаниясының жұмысшы мамандықтар жылына арналған арнайы жобасы аясында өз ісіне адал қызметкерлер туралы айтудамыз. Бүгін Дәурен Шәкімов туралы сөз қозғаймыз. Ол өмірінің 30 жылдан астам уақытын теміржолға арнаған тепловоз машинисі. Маман өз жұмысын толықтай орындайды және жас әріптестеріне кеңес беруге дайын.
Дәурен Шакимов - «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының қызметкері. Ол 1995 жылы қызметін жол монтері лауазымында бастап, тепловоз машинисіне дейін өсті және өндірістің озық шебері ретінде танылды. Теміржол учаскесіндегі жұмыстың барлық кезеңдерінен өтіп, кейін пойыздарды құрастырушының көмекшісіне ауысты, онда ол 12 жыл жұмыс істеді.
-Жарқын сәттер көп болды. Мені үйретті, мен өзгелерді үйреттім. 2009 жылы оқып алып, тепловоз машинисінің көмекшісі болып ауыстым. Қазіргі уақытта менде 6 разрядты тепловоз машинисі лауазымы бар. Жалпы, біздің негізгі міндетіміз бен мақсатымыз — жұмыстағы адамдардың қауіпсіздігі, жылжымалы құрам мен вагондардың тұтастығы мен сақталуы. Біз қазір көмірді беру және түсіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз,- деп бөлісті «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының отын-көлік цехының тепловоз машинисі Дәурен Шакимов.
Маман үшін ең маңызды міндет әрқашан қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау. Бұл жай ғана кәсіби міндет емес, ол күнделікті ұстанатын философия.
-Ең алдымен адам білімді, мейірімді, өз ісіне адал болып, әріптестерін бағалауы керек. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы керек. Біздің станцияда «Үйге аман есен оралу» деген ұран бар. Біздің барлығымызды үйімізде асыға күтетін жандар бар, - дейді Дәурен.
Теміржолдағы 30 жыл — бұл жұмыс күндері мен өз кәсібіне деген мақтанышқа толы тарих. Тәжірибелі тепловоз машинисі әрдайым тәжірибе алмасуға және жас әріптестеріне кеңес беруге дайын.
-Оқып, үйренуден жалықпау керек. Бұл болашақта мансаптық жоғарылау үшін қажет. Ал білімді шыңдау артық етпейді. Өз ісіне адал болып, бірге жұмыс істейтін әріптестеріне құрмет көрсету керек. Жұмыста барлығына тиянақты болу керек. Қызметкерлердің қауіпсіздігі осыған байланысты, - деп бөлісті ол.
Дәурен Қуанышұлы жұмыстан тыс уақытын отбасына арнайды. Ол қарапайым нәрселерден қуаныш табады.
-Жазда бақшада жұмыс істеуді ұнатамын. Бос уақытымда құрылыспен айналысып, ал кешке гитарада ойнаймын. 80-ші жылдардың репертуарын айтамын, - дейді ол.
Дәурен Шәкімовтің асыл арманы бар. Бұл кәсіби жетістіктер туралы емес, оның отбасының өсіп, өркендеуіне байланысты.
-Ең асыл арманым – үлкен ұлым шаңырақ көтерсе деймін. Жарыммен немере баққымыз келеді. Біздің замандастарымыздың немерелері бар. Біз де бұл қуанышқа бөленуді армандаймыз-, деп ағынан жарылды машинист.
Дәурен Қуанышұлының осындай әсерлі тарихы бар. Ол мамандықтың барлық қиындығына қарамастан, өзінің мансабын құрып қана қоймай, отбасын, қауіпсіздікті және адами құндылықтарды бағалайтынын көрсетті.
