• Басты бет
  • Экономика
  • Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақсу электр станциясының учаске шебері Манас Касимов

Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақсу электр станциясының учаске шебері Манас Касимов

 

"Ирбис" телекомпаниясы жұмысшы мамандықтар жылына арналған арнайы жоба аясында өз ісіне адал адамдармен таныстыруды жалғастыруда. Осы жолы Ақсу электр станциясының учаске шебері Манас Касимовпен сұхбаттастық.

 

Манас Касимовтың еңбек жолы - тұрақтылық пен жетістіктер символы. Ол жүк тиеушіден шеберге дейін жеткен. 28 жыл бойы өз ісіне адал қызмет етуде. Жұмыстың алғашқы күнінен бастап бүгінге дейін оның жүріп өткен жолы жаңа белестер мен жетістіктерге толы. Ол "ЕЭК" АҚ Ақсу электр станциясының қалай дамып, өзгергеніне куә болды.

 

- Электр станциясына 1997 жылы 20 қазанда жүк тиеуші болып жұмысқа орналастым. Үш айдан кейін маған бригадир, ал 2004 жылы учаске шебері лауазымы ұсынылды. 28 жыл бойы электр станциясында жұмыс істеймін,-дейді "ЕЭК" АҚ Ақсу электр станциясының қойма шаруашылығы учаскесінің шебері Манас Касимов.

 

Бірақ бәрі оңай болған жоқ. Манас 90-шы жылдарды еске алып, жұмыстың алғашқы жылдары үлкен сынақ болғанын атап өтті. Алайда, жыл сайын бәрі өзгеріп, электр станциясы жаңғыртудан сәтті өтіп, жоғары технологиялық кәсіпорынға айналды.

 

- Басқа цехтер маған шебер болып жұмыс істеуді ұсынды, бірақ маған өз жұмысым ұнайды. Мен қазір мұнда барлығын білемін. Маған бәрі қозғалыста болғаны ұнайды,-деді Манас Касимов.

 

Манас Рахметулинұлы өз ұжымын мақтан тұтады. Мұнда барлығы бір-біріне қолдау білдіреді. Олар өндірістік міндеттерді шешіп қана қоймай, жұмыстан тыс уақытты бірге өткізеді, ал бұл командалық рухты нығайтуға көмектеседі.

 

- Ұжым тату. Біз әр дүйсенбінің таңын әнұраннан бастаймыз. Конкурстарға қатысамыз, демалыс күндері шаңғы базасына демалуға барамыз. Біздің ұжым ұйымшыл,-дейді Манас Касимов.

 

Манас Касимовтың жанарында өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы бар. Кейіпкеріміз немерелері оның жолын жалғастырады деп үміттенеді.

 

- Электр станциясы менің екінші үйім деп айтуға болады. Мен әрқашан осылай айтамын. Біз адамдарға жарық, жылу, қуаныш сыйлаймыз, егер немерелерім біздің жолымызбен жүрсе, мен өте қуанышты болар едім,-деп жеткізді Ақсу электр станциясының қойма шаруашылығы учаскесінің шебері Манас Касимов.

 

"ЕЭК" АҚ Ақсу электр станциясы үшін Манас Касимов 28 жылдық тәжірибесі бар нағыз кәсіби маман. Ол жұбайымен бірге электр станциясында бірге еңбек етіп, жұмыстарына жауапкершілік және сүйіспеншілікпен қарайды.