• Басты бет
  • Экономика
  • Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақсу электрстанциясының шебер-механигі Ербол Байгурманов

Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақсу электрстанциясының шебер-механигі Ербол Байгурманов

 

 

«Ирбис» жаңалықтарындағы өндіріс майталмандары айдарында осы жолы Ақсу электрстанциясының шебер-механигі Ербол Байгурмановпен сұхбаттастық.

 

Көбісі өз жолын қарапайым жұмысшы мамандықтарынан бастайды. Біздің кейіпкеріміз де ауылшаруашылық саласынан бастап, электр станциясындағы жауапты қызмет атқаратын лауазымға дейін жетті. Ол бір айдан соң зейнеттік демалысқа шықпақшы.

 

- Мектепті аяқтаған соң 2 жыл әскерде болдым. Одан кейін Павлодардағы жоғары техникалық институтта білім алдым. Кейін еңбек жолымды Ақсу ауданының Потанин совхозында бастадым. Онда инженер болдым. Ақсу электр станциясында еңбек жолымды 2016 жылы бастадым. Автокөлік учаскесінде жүк тиегіштің жүргізушісі болып жұмысқа орналастым. Бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін 6-санатты мұнара жүргізушісі болып ауыстым, шебер механик лауазымын ұсынды. Үш-төрт жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатырмын,-деді «ЕЭК» АҚ автокөлік цехының қосалқы механизмдер учаскесінің шебер-механигі Ербол Байгурманов.

 

Ұжымдағы жұмыс адамдармен тез тіл табыса білу қабілетін қажет етеді. Ербол Боздакович үшін нәтиже ғана емес, әріптестер арасындағы сенім мен өзара түсіністік те маңызды.

 

- Әріптестеріммен жақсы қарым-қатынастамыз. Барлығымен тіл табыса аламын. Оларға түсініктікпен қарап, күнделікті ақыл кеңесімді беріп тұрамын,-деді Ақсу электрстанциясының шебер-механигі Ербол Байгурманов.

 

Ербол Байгурманов «ЕЭК» АҚ электр станциясында өзінің болашағына сенімді. Мұнда әлеуметтік пакет, жоғары жалақы және еңбек сатысында жоғарылау мүмкіндігі бар.

 

-«ЕЭК» АҚ электр станциясы менің екінші үйім десе де болады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік пакет бар, жалақы жеткілікті. Оқып, еңбек жолында жоғарылау мүмкіндігі бар,-деді Ербол Байгурманов.

 

Ербол Байгурманов тәжірибелі маман ғана емес, белсенді өмірлік ұстанымы бар жан. Кезінде грек рим күресімен айналысқан. Ал қазір цехтаға шараларға белсене қатысуда. Ол зейнетке шыққан кезде де спортты тастамайтынын жеткізді.

 

- Спортпен шұғылдануды жалғастырамын. Менің ермегім – машинаны жөндеумен айналысу. Зейнет уақытында іш пыспайды деген ойдамын,-деді өндіріс қызметкері.

 

Ербол отбасында бақытты, өз қызын мақтан тұтады. Ол отбасы мен сүйікті жұмысы барын, бақыт үшін одан артық ештеме қажет емес екендігін атап өтті.