• Басты бет
  • Экономика
  • Жұмысшы мамандықтар жылы: "ЕЭК" АҚ жөндеу-механикалық цехы бригада шебері Алексей Келлер

Жұмысшы мамандықтар жылы: "ЕЭК" АҚ жөндеу-механикалық цехы бригада шебері Алексей Келлер

 

 

"Ирбис" телекомпаниясы жұмысшы мамандықтар жылына арналған арнайы жобаны жалғастыруда. ЕЭК-Қазақстанның жетекші энергетикалық кәсіпорындарының бірі, онда күн сайын білімін ортақ жұмысқа бағыттайтын мамандар еңбек етеді. Осы жолы шебер лауазымына дейін жеткен Алексей Келлермен сұхбаттастық.

 

Бүгінде ол кәсіпорында маңызды рөл атқарады және екінші разрядты токарь ретінде өз жолын бастады. Біртіндеп, табандылық пен кәсібиліктің арқасында Алексей Ақсу электр станциясындағы жетекші орындардың біріне дейін өсті.

 

- "ЕЭК" АҚ - на 2008 жылы келдім. Сол кезде тұрақтылық бойынша Қазақстанның үздік кәсіпорындарының бірі. 2 разрядты токарь лауазымына жұмысқа орналастым. Осы аралықта 6-разрядты токарь, содан кейін бригадирге дейінгі еңбек жолын жүріп өттім. 2021 жылы цех шеберінің лауазымы бос болғаннан кейін, цех басшысы Александр Сергеевич Журавлев сол лауазымға орналасуымды ұсынды,-деді "ЕЭК" АҚ жөндеу-механикалық цехы станокшылар бригадасының шебері Алексей Келлер.

 

Алексей бұл жолда көптеген күрделі және жауапты жұмыстарды атқарды. Бұл оның адал еңбегі мен командада жұмыс істеу қабілетінің нәтижесі.

 

- Біздің ұжымда 15 адам бар, негізінен, ұжым жақсы жинақталған. Барлығы жауапты,-деді Алексей.

 

Күн сайын Алексей Келлер жұмысқа бәрінен бұрын келеді, құжаттарды дайындап, жоспарлар мен сызбаларды тексереді, қызметкерлерді жаңа бұйрықтармен таныстырады. Мұның бәрі жөндеу-механикалық цехы шебері атқаратын жұмыстың бір бөлігі ғана.

 

- Біздің жұмыс күніміз таңертеңнен басталады, шеберлер ертерек келеді. Біз мұнда жұмыс орнын аралап, сызбалар, құжаттамалар, бұйрықтар дайындаймыз. Кейін қызметкерлерді жаңа бұйрықтармен таныстырамыз, ақпаратты жеткізіп, сызбалар береміз,-деді "ЕЭК" АҚ жөндеу-механикалық цехы станокшылар бригадасының шебері Алексей Келлер.

 

Кейіпкеріміз жұмыста ғана емес, қарапайым өмірде де өз жолын таба білген. Ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтеріп, тағдыр сыйлаған тамаша жанмен бірге қол ұстасып ерлі-зайыптылар ретінде бақытты өмір сүріп келеді.

 

- Үйленгеніме 25 жыл болды, ұлым бағдарламашы болып жұмыс істейді, қызым бірінші сыныпқа барды. Келіншегім үй шаруасы мен қызыма қарайды,-деді Алексей Келлер.

 

Бүгінгі таңда білікті қызметкер "ЕЭК" АҚ Ақсу электр станциясында мансап жолын құрып қана қоймай, жас мамандармен өз тәжірибесімен бөлісуде.